Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 жаңа Заңға қол қойды. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер енгізу туралы» заңға да қол қойды. Заңдардың мәтіндері баспасөзде жарияланады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі мәселелері туралы заңға да қол қойды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулықты қорғау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және қажетсіз заңнамалық реттеуді алып тастау туралы» құжат та қабылданды. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Шектеулерді сақтамаса, жұмыстан шығады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын бизнесі субъектілерінің ережелеріне сәйкес келуге тиіс ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың жұмысының, бәс тігуді қабылдаудың және құмар ойындар өткізудің үлгілік қағидаларын бекітетін болады. Заң жобасы жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға да тыйым салуды қарастырып отыр.