Көкбұлақта көптен арман болған мәдениет үйі салынып жатыр. 90 орындық ғимараттың құрылысы жыл басында басталған. Күзде қолданысқа берілмекші. Ондағы атқарылып жатқан жұмыс барысын өңірге іс-сапармен келген ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса аралап көрген еді. Сонымен қатар жергілікті халықпен кездесіп, өтініш тілектерін тыңдады.
Салынып жатқан ғимараттың құрылысымен танысуға келген депутатты алдымен елдімекен тұрғындары қарсы алды. Олар алдарына күніге келе бермейтін мәжілісменге қордаланған мәселесін жеткізді. Жол мен балалар алаңшасы қажет екенін айтты. Көкбұлақта көп сұрақ бар екенін халық қалаулысы жақсы біледі. Мәселені тұрғындардың ауызынан есту үшін ат басын әдейілеп осында бұрыпты.
Халықтың арыз-шағымын қойын дәптеріне түртіп алған мәжіліс депутаты салынып жатқан мәдениет үйін аралап көрді. 90 адамға шақталған нысан 10 сотық жерде орналасқан. Екі қабаттан тұрады. Жоба құны 322 млн теңге. Мұнда көпфункционалды кабинеттер мен би үйірмесі болады. Елдімекен кітапханасы да осы ғимаратта орналаспақ. Қазіргі таңда Көкбұлақ мәдениет үйінің құрылысы 80 пайызға орындалған. Мұнда ішкі және сыртқы әрлеу жұмысы жүріп жатыр. Қолданысқа қыркүйек айында берілмек.