Шымкентте техникалық қызмет көрсету шеберханасы бір топ азаматты тақырға отырғызып кетті. Олар бұзылған автокөлікті жөндеп береміз деп миллиондап ақша алған. Жұмысты орындамағаны аздай, кейбір көліктердің ішіндегі жарамды дүниесін шешіп алған. Қаңқасын даладан көрген көлік иелері қайда барарын білмей дал.
Меруерт Ескенова жөндетемін деп астындағы көлігінен, қолындағы ақшасынан айырылып қалды. Шеберхана басшысы былтыр тамыз айында бүтіндеп беремін деп 1 миллион теңгеден астам қаржысын алдын ала алып алған көрінеді. Алайда уәде етілген іс үш айдан кейін де орындалмаған. Қайта-қайта жұмысты талап еткен көлік иесін алдаусыратып уақыт оздырған. Онан кейін машиненің құр қаңқасын алып кет деп далаға шығарып тастайды.
Осы іс бойынша полицияға түсірген шағымым қарауға жатпайды деп қысқарып кетті,-дейді Мереуерт. Амалсыз шеберханада Өзбекстан азаматтарының заңсыз жұмыс істегенін әшкере ету үшін миграциялық полицияға арызданған. Бұл жәйт мәселені тіпті ушықтырып жіберген.
Шеберханаға көлік жөндететімін деп сергелдеңге түскен жалғыз Меруерт емес. Айбол Асқаров 380 мың теңге ақша беріп, бұзылған автокөлігін сол күйі қайтып алған. Осындай жағдайға тап келген тағы 5 адам бірігіп, полиция арыз жазғанымызбен қылмыстық негізі жоқ деп қысқартып тастады,-дейді ол. Шымкент қалалық полиция департаменті бұл істен ешқандай қылмыстық негіз таппадық деп отыр. Полицияның дәрменсіздігі шеберханаға алданған азаматтарды мүлдем дағдартып тастады. Енді оларға соттасудан өзге амал қалмай тұр.