Түркістан облысының әкімі бастаған ресми және іскерлік делегациясының сапары аясында Қытайдың Сиань қаласында кәсіпкерлердің қатысуымен сауда-экономикалық форум өтті. Онда екі елдің 80-нен астам кәсіпорын өкілі арасында B2B форматында екіжақты кездесулер өткізді. Сапар аясында облыс әкімі Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэмен кездесті. Онда Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды.
Қытай мен Түркістан облыасының өңіраралық келісіміне сай екі жақ дамуды ынталандыру мақсатында сауда, ғылым мен техника, гуманитарлық алмасуды көздейді. Логистика, инфрақұрылым құрылысы, жаңа энергия көздеріндегі автомобиль өндірісі де назарда. Тараптар білім саласындағы әріптестік пен түрлі нысандарда өзара алмасулар мен ынтымақтастықты жүзеге асыруға да ниетті.
Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасында сауда, экономика, білім беру, гуманитарлық алмасу салаларында оң нәтижелерге қол жеткізген. Алда Қазақстан-Қытай тауарларының көрмелері өткізілмек. Көлік, білім беру саласындағы ынтымақтастық дамуда. Қазақстандық студенттер жоғары оқу орындарында оқиды. Бизнес-форумда екі елдің кәсіпкерлері өз компанияларын таныстырды. Екіжақты кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Бірлескен жобалар арасында ауыл шаруашылығы саласында пайдалануға ыңғайлы дрондар шығару жайы айтылды. Халықаралық мектеп салу, IT, құрылыс, ми ауруын емдейтін аурухана ашу, құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу мәселелері қаралды. Цифрландыру арқылы ауылшаруашылық дақылдарын өсіру, травертин өндіру өндірісіне қатысты келісім-шарттар жасалды.