Қазақстанда жүк көлігі жүргізушілеріне шамамен 100 млн теңге айыппұл салынды. Еліміз бойынша Көлік министрлігінің бастамасымен «Назар аударыңыз, ауыр салмақты автокөлік» рейдтік іс-шарасы ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде ауыр салмақты көліктердің, оның ішінде самосвалдардың қозғалысы бойынша бақылау күшейтілді.
Аталған рейдтік іс-шаралардың барысында 100 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салумен 293 бұзушылық анықталған. Жалпы, акция басталғаннан бері көліктік бақылау инспекциялары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп 30 рет инспекция жасады. Бүгінгі таңда еліміз бойынша барлығы 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Оның ішінде 60 мыңнан астамы самосвалдар. Естеріңізге сала кетейік, ауыр жүк көліктеріне инертті материалдарды тасымалдауға рұқсат етілген норма 25 тоннаны құрайды.