Елімізде ұлттық кітап күнінің бекітілгені әрине қуанышты жаңалық. Әсіресе кітапсүйер қауым үшін нағыз мереке. Бұл ретте таңдап-талғап оқитын оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып, қалам тербеп жүрген бүгінгі авторларды қолдау да маңызды. Сондай-ақ кітапханашылардың да абырой-беделін артыру қажет. Шымкентке іссапармен келген Сенат депутаттары мәдениет саласының қызметкерлерімен осы жөнінде ашық әңгімелесті.
Парламент Сенатының депутаттары Алишер Сатвалдиев пен Айгүл Қапбарова қалалық Әл-Фараби кітапханасында орта буын зиялы қауыммен кездесті. Басқосуда әдебиет пен мәдениет саласына қатысты түрлі проблема айтылып, аймақтағы әдеби ахуал сөз болды. Жастарды кітапханашы мамандығына қызықтыру қажет екені қозғалды.
Жиында балалар әдебиетіне қатысты түйіткілді мәселелер айтылды. Кітапханашылардың айтуынша, бүгінгі жасөспірімдер әлі күнге дейін Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқып жүр. Кейінгі жазушылардың жұмысына қолдау аз, сондықтан олардың еңбегі көрінбейді. Сенат депутаты бұл мәселелерді Мәдениет министрлігімен бірлесіп шешу керегін айтты.
Кездесуде жас жазушыларға гранттық жобаларды ұйымдастыру, кітапханашылардың мәртебесімен ағартушы-педагог теңестіру жайын көтерді. Шымкентте Опера және балет театры бар, бірақ маман тапшы. Балерина мамандығына жергілікті грант бөлуді қарастыруға қолдау көрсетуді сұрады. Халық қалаулылары аталған мәселелерді мінберде көтеріп, Парламент қабырғасында шешуге тырысатындарын жеткізді.