Қазақстанда инфобизнес дамып, экономиканың маңызды бөлігіне айналып барады. Жаңа технологиялардың өркендеуі интнернет қолданушыларының санын арттырды. Ал оның нәтижесінде онлайн-курстар мен вебинар арқылы біліктілік арттырып, білім алатындар көбейген. Онлайндағы оқудың тиімді тұсы қандай, кемшін жақтары бар ма? Әріптесім Лаура Сарман сұрақтың жауабын табуға тырысты.
25 жастағы қала тұрғыны Эльвира Бауыржанқызы 3 жылдан бері инфобизнесте жүр. Нақтырағы, түрлі сала сарапшыларына жеке бренд қалыптастырып, курс жасауына көмектеседі. Айтуынша, онлайн-платформа жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Онлайн білімнің артықшылығы көп дейді мамандар. Қаржы, уақыт, күш үнемделеді. Желідегі платформалар түрлі сала өкілдеріне кеңінен қанат жаюға мүмкіндік сыйлап отыр. Иә, онлайнда табыс табуға болады. Алайда, курс сататындарға күдікпен қарайтындар бар. Басты мәселе – аудиторияның білім сапасына көңілінің толмауы немесе ақпаратты көшірудің ықтималдығы. Түрлі қиындыққа қарамастан, сала ел экономикасында өз орнын тапты. 2023 жылдың басында елдің ЖІӨ 5,3 пайызға өсіп, оның 15,6 проценті ақпарат және байланыс саласының үлесіне тиді. Сарапшылар енді бұл сектор одан әрі өсіп, экономиканың маңызды сегментінің біріне айналады деп болжам жасап отыр.