Түркістан билігі депутаттарды «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырып отыр. Өңірдің тазалығы әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар қарқын алуы керек. Сондықтан экологиялық акцияның насихатталуына халық қалаулылыры атсалысқаны абзал.

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхан Жолдасов кезектен тыс он бірінші сессияда айтты. Жиында негізінен 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет қаралды. «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесіне өзгеріс енгізілді. Өңірде тексеру комиссиясының мүшесі тағайындалды. Сондай-ақ әкімдік жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамы бекітілді. Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның мүшелері толықты. Азаматтарды Құрмет грамотасымен марапаттау бойынша да тиісті шешімдер қабылданды. Жиынды қорытындылаған Зұлпыхан Жолдасов депутаттарды бірлікте жұмыс істеуге шақырды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға үндеді.