Түркістанда түн кезіп жүретін балалар ұсталды. Бір тәулікте 270-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып отыр. Жасөспірімдер қылмысының жолын кесу мақсатында арнайы ұйымдастырылған жедел-профилактикалық іс-шараның нәтижесі бұл.
24 сағатта полиция 276 құқық бұзушылықты тіркеді. Оның 235 фактісі жасөспірімдер заңды өкілінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген. Бұдан басқа 25 ата-анаға балаларды тәрбиелеу талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ ұсақ бұзақылықтың 9 фактісі жойылды.
Осы рейд кезінде қоғамдық орында мас күйде жүрген 5 азамат анықталды. Құқықбұзушылық жасауға бейім 14 жасөспірім мен қолайсыз 11 отбасы профилактикалық есепке алынды. Тұрғылықты жері бойынша профилактикалық есепте тұрған 100-ден аса кәмелетке толмағандар мен 120 қолайсыз отбасы тексеріліп, түсіндірме жүргізілді. Түнгі уақытта бейсауат жүрген жасөспірімдерді ұстауға арналған рейд әлі де жалғасады.