Республикалық экоакцияға әрбір қазақстандық өз үлесін қосып жатыр. Бұл жолы аманаттықтар А-2 тас жолының бойын күл-қоқыстан тазартты. Оларға елімізге танымал өнер жұлдыздары мен спортшылар, сондай-ақ, «Jasyl el» еңбек жасағы көмекке келіп, қолғабыс жасады.
Осыдан 1,5 ай бұрын бастау алған экоакция аясында қаланың бірқатар аумақтары тазаланып, көше бойлары ретке келтірілуде. Бұл жолы «AMANAT» партиясының мүшелері көлік нөпірі үзілмейтін А-2 тас жолы бойын бей-берекет шашылған қоқыстан тазартып, қураған талдарды бұтады.
Аманаттықтарға көмекке келген өнер жұлдыздары мен спортшылар тазалық шарасын насихаттап, қала тұрғындарын игі істің басы-қасынан табылуға шақырды. Күнен-күнге көркейіп келе жатқан мегаполистің ажарлана түсуіне әрбір жанның үлесі маңызды,-дейді олар.
«Jasyl el» еңбек жасағы да тазалық науқанынан қалыс қалмай, бұл жолы да біркісідей атсалысуда. Төңіректен шыққан тонна-тонна қоқыс арнайы көліктерге тиеліп полигонға жөнелтілді.
«AMANAT» партиясының “Таза бейсенбі” экоакциясы Мемлекет басшысының “Таза QAZAQSTAN” жалпыұлттық науқанын қолдау мақсатында шілде айының 6-сынан басталған болатын. 1200-ден астам азамат үлесін қосып, 6 тоннадан астам қоқыс шығарды. Сондай-ақ урналарды орнату, көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты мәселелер партия мүшелерінің араласуымен шешімін тауып жатқанын айта кетейік.