Шымкентте алименттен жалтарып жүргендердің берешегі 1 миллиард теңге болды. Мамандар бұл 500 млнға азайғаннан кейінгі сомасы деп қуанып отыр. Жеке сот орындаушылардың жұмысының нәтижесінде, жарты миллиард теңгесі өндіріліп, қалған іс құжаттар атқарылып жатыр. Мәліметті Әділет департаменті мамандары бөлісті.
Сот орындаушылардың қызметін реттеу және бақылау маңызды іс. Шымкент қаласы бойынша қазір 152 жеке, 9 мемлекеттік сот орындаушы қызмет атқарады. Мәселелердің ішіндегі өзектісі – алимент. Жыл басынан талаптар бойынша сот орындаушылар 15 мың құжат қараған. Осы санаттағы мәселелермен айналысатын 5 жеке сот орындаушысы бар арнайы кеңсе ашылған.
486 мың құжат. Шымкенттегі сот орындаушылардың қарауында жыл басынан бері осыншама атқару құжаты болған. Осының бәрін 152 сот орындаушы игерген. Оның ішінде алимент бойынша 15 мың құжат қаралыпты. Транспорт саласында да мәселе көп. Берешегі бар борышкерлер арнайы рейд кезінде анықталып жатыр.
Алимент төлемейтіндер мемлекеттің «бас ауруына» айналып отыр. Мәселені бейбіт жолмен шешу мақсатында жауаптылар борышкерлерді арнайы жұмысқа да орналастырады. Алайда, соның өзін жасамай, қарыздан жалтарып жүре беретіндер көп, - деді департамент мамандары.