Ал Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алуға “көмектесетін” алаяқтар туралы ескертеді. Әлеуметтік желілерде белгілі бір сыйақы үшін жүргізуші куәлігін алуға көмек көрсететіндер туралы ақпараттар таралып жатыр. Осындай заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді.
Алаяқтардың алдын ала төлемді сұрап алып, артынан ізін суытатынын да атап кеткен жөн. Осыған байланысты ІІМ азаматтарды мұқият болуға және күмәнді келісімдерден аулақ болуға шақырады. Ведомствоның айтуынша, мұндай тәсілмен жүргізуші куәлігін алу мүмкін емес! Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқудан өтіп, қажетті санат бойынша курсты аяқтағаны туралы куәлік алу керек. Кейін сол санат бойынша теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру үшін арнайы ХҚКО-ға жүгіну қажет. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды, автомектепте оқу курстарын аяқтағаны туралы куәлікті, медициналық анықтаманы, жүргізуші куәлігін дайындау үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті ұсынуы тиіс. «Емтихандарды сәтті тапсырған жағдайда азаматқа көлік құралын басқаруға арналған жүргізуші куәлігі беріледі. Бұл міндетті рәсімдер. Күдікті ұсыныстар анықталған жағдайда дереу полицияға хабарласу керек»,-деді ІІМ.