Жас талғамайтын аурудың түріне айналып бара жатқан, қатерлі ісіктен құлан таза айығуға болады. Ол үшін жоспарлы тексерістен өтіп, дәрігердің айтқандарын бұлжытпай, өз уақтында орындау қажет. Онкологтар аты жаман аурудың сатысы неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым мүмкіндіктер де көп, дейді.
Өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан Ильяс Асанхановқа 10 күн бұрын ота жасалыпты. Бүгінде дәрілік заттар көмегімен ісік клеткаларын емдеу шаралы жүргізілуде. 80-ді алқымдаған қария ауруханаға келгендегі жағдайы мен қазіргі қалпын салыстыруға келмейтінін айтады.
Аты жаман ауру алғашқы сатыларында анықталса, науқастың құлан таза айығып кетуіне мүмкіндік мол, дейді дәрігерлер. Ол үшін әр жыл сайын тексерістен өтулері қажет. Осы орайда, 1 тамыз дүниежүзілік өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау мен алдын-алу күні аясында қалалық онкологиялық орталық ашық есік күнін өткізетінін хабарлаймыз. Көбінде, немқұрайлылықтың салдарынан ауруын асқындырып келген науқасқа көмек қолдарын барынша созуға тырысқанымен, кеш қалып жататынын ақ халаттылар жасырмайды.
Онколгтардың айтуынша, аурудың асқынуы көп жағдайда салауатты өмір салтын сақтамаудың салдарынан, дейді. Әсіресе, өкпе қатерлі ісігіне бірден бір себепші болатын табак өнімдері екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Медицина мамандары аты жаман ауруды ауыздықтау үшін ас мәзіріне мән беріп, спортқа ден қоюға шақырады.