Алаяқтың арбауына түсіп қалмаңыз! «Адам саудасына қарсы күрес күніне» орай құқық қорғау саласының мамандары ақпараттық науқан өткізді. Шараға қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдары да қатысты.


Жезөкшелікпен айналысуға тарту, мәжбүрлі еңбекті пайдалану, қайыршылық сұрауға мәжбүрлеу, заңсыз бала асырап алу, трансплантация үшін адам ағзасын заңсыз алу... Мұның барлығы адам саудасына жататын қылмыс. Бүгінгі акцияның мақсаты – аталған қылмыстардың құрбаны болмауға, алаяқтың арбауына түсіп қалмауға  үндеу.


 Профилактикалық акцияны Түркістан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері еріктілермен бірге ұйымдастырды. Олар облыс орталығындағы адамдар көп шоғырланатын аймақтарда түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


Қатысушылар бір тәулікте «116 16» сенім телефонының нөмірі бар 1000-нан астам жаднама таратты. Теміржол вокзалы мен әуежайдағы жолаушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетті. Дауыс зорайтқыш арқылы станцияның бүкіл аумағына адам саудасының қаупі туралы ақпарат айтылды.