Шымкенттік 9 мың бала қала сыртындағы лагерлерде демалады. Көпшілігі әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушылар. Бұл үшін қала қазынасынан 399 миллион теңге бөлінген. Тынығудың алғашқы кезеңі маусымның 15-інен басталды. Бұған қосымша шаһардағы 136 білім ұясының жанынан жазғы мектеп пен сауықтыру кешені ұйымдастырылған. Солардың бірі - №2 Оқушылар сарайы. Қазір мұнда 500 бала бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі үйырмелерге қатысып жүр.


 Оқушылар сарайында Аида сынды 500 бала 4 ауысымда жазғы лагермен қамтылған. Олардың сапында Біржан да бар. 13 жасар жеткіншек түрлі үйірмеге қатысып, қуанып жүр. Оған қыштан құмыра жасаған ұнайды.


Балалар үшін оқушылар сарайында суда жүзу, сурет, ән-би үйірмесімен қатар биотехнология сыныбы жұмыс істеп тұр. Заманауи білімді меңгергісі келетін оқушылар осы дәрісті үзбейді. Мамандар оқушылардың мобилография, СММ үйірмелеріне қызығушылығы жоғары деп отыр.  


 Айтып өтейік, №2 оқушылар сарайының ашылғанына 1 жылға жуықтаған. Осы аралықта талай баланың қанатын қатайтып, өнер-білімге деген қызығушылығын арттырып келеді. 250 оқушы додада жүлделі болған. Жеткіншектер жетігенді насихаттап, халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралған.