Шымкенттің көрікті жерлерінде санитарлық тазалық жұмысы жалғасып жатыр. Елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы Еңбекші ауданында ұйымдастырылды. Фосфоршылар сарайының территориясы ретке келтірілді. Қызығы – бұл жұмыстарға 90 жастағы қария да атсалысты.

 Өркен Әбдіреев осы маңда тұрады. Қария әр таңда саябаққа серуен құрып келуді әдетке айналдырған. Салауатты өмір салтын ұстанған жанның тазалыққа да жаны жақын. Фосфоршылар сарайының мемлекет меншігіне өтуіне себепкер болған 90 жастағы қария да экологиялық акцияға қатысты. Қолына күрек алып, қоқыс шығарды. Сөзінше, аллеялар мен скверлерді, көшелер мен аулаларды тазалап, талдардың түбін әктеген.


 Экологиялық акцияға «AMANAT» партиясының фракция мүшелері мен  50-ге жуық шаһардың белсенді жастары ат салысты.  

Сонымен бірге белсенділерден бөлек, Еңбекші ауданының тұрғындары да қатысты. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін тазалық жұмысына қолғабыс етті. Олардың бар мақсаты – туған жердің көркеюі.