Шымкентте заманауи студенттер үйі ашылды. 550 орындық жатақхана Әуезов университетінің білім алушыларына арналып отыр. Қонақ үй үлгісіндегі нысан жоғары оқу орны мен құрылыс компаниясының мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату негізінде бой көтерді.
Арманхан Тұрсынбай Түркістанның тумасы. Бүгінде Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқиды. 3 курсқа қадам басқан студент бұған дейін Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрып келген. Жоғары оқу орнында жаңа жатақхананың ашылғанын естіген жас бірден осы жерден орын алуды көздейді.
Студенттерді жатақханамен қамту мемлекет басшысының 2022 жылдағы Жолдауында айтылған маңызды мәселе. Осы орайда, жаңа студенттер үйі мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс компаниясы мен оқу орны арасындағы келісімшарт негізінде ашылды.
Студенттер, магистранттар және докторанттарға арналған жаңа жатақхана интернет желісіне қосылған. Оқу залы, демалыс аймағында кинотеатр және тағы басқа қажеттіліктер бар. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жаңа жатақханасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген төртінші жатақхана.