Ақтау қаласында ақиық ақын Төлеген Айбергенов атындағы республикалық турнир өтті. Шымкент қаласының балуандары мықтылық танытып 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен бас жүлдені жеңіп алды.  Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді темір жол вокзалынан ата-аналар мен жанкүйерлер қарсы алды.


Жарысқа  еліміздің  барлық  аймақтарынан 200-ге  тарта  балуан  қатысты. Жастар арасында жеке дара топ бастап келе жатқан жеңімпаздарымыз бұл жолы да өз мықтылықтарын танытты. Жасөспірімдер жарысында да мегаполис қаланың жас балуандары қарсылас шыдатпады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазақ күресінің жанкүйерлері асқан зор қуанышпен қарсы алды. Ақтау кілемінде ерекше өнерімен мамандардың жоғары бағасын ие болғандардың бірі – Олжас Сапарбаев. Ол ең үздік балуан атанып алтын медальмен туған жерге жеңіспен келгеніне қуанышты.


 Бұл  жарыс  еліміз  бойынша талай  жас  балуандардың  тұсауын  кеседі. Үш   күнге  созылған   жарыс кезінде Олжас Кенехан  баптайтын Шымқаланың шеберлері жасөспірімдер арасындағы жарыста да намысты қолдан бермеді.

 Ендігі мақсат 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында ел намысын қолдан бермеу. Ол жауапты жарыста боз кілемде  Ерсұлтан Мұзаппаров пен  Жұмажан Қожамбаев белдесуге түседі. Кезінде әлем чемпионатында белдескен балуандар өз жерімізде өтетін сыннан сүрінбесіне жерлестері бек сенімді.