Түркістанда жекеменшік мектептердің қатары артып отыр. Білім күні қарсаңында тағы бір оқу орны есігін айқара ашты. Сауран ауданына қарасты білім ошағы мың балаға дейін қабылдауға қауқарлы. Ал шаһар орталығындағы мектептердің алғашқы қоңырау кешіне қала әкімі арнайы қатысып, бүлдіршіндерге «Әліппе» кітабын сыйға тартты.


Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков №15 Мағжан Жұмабаев атындағы мектепке арнайы барды. Бұл күні алғаш мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға сәттілік, ұстаздарға толағай табыс тіледі.


 Оқу орны 1977 жылы ашылған. Мұнда 3300 шәкірт 2 тілде білім алып отыр. Түлектердің 60 пайызы мемлекеттік грантқа қол жеткізген.


 Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылында жекеменшік мектеп мың балаға арналған. 400 орындық акт зал, 200 кісіге лайықталған асхана мен интерактивті тақтасы бар 6 сынып қарастырылған. 500 мың шаршы аумақты алып жатқан білім ұясы осы ауылдағы үшауысымды мектеп мәселесін түбегейлі шешіп отыр.


Түркістан қаласы білім сапасынан көш ілгері шаһарлардың қатарында. Түлектердің 60 пайызы мемлекеттік грант иегерлері. Жыл сайын Республикалық пәндік олимпиадалардан шәкірттер құралақан қайтпайды.