Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Дархан Сатыбалды стратегиялық құжаттың маңыздылығы мен басымдықтарына жан-жақты тоқталып, белгіленген міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Бұл жолғы жолдаудың тақырыбы – «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм». Айқындалған 9 міндеттің әрқайсысы еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін аса маңызды. Өңір басшысы жиында президенттің агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беруге көшуді тапсырғанын атады. Сондай-ақ өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруды, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алуды және бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беруді, тұрғындарға медициналық нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жеке инвесторларды тартып, жеке медициналық нысандарды салу жұмыстарын күшейтуді, спорт саласын дамытуды, экологиялық ахуалды жақсартуды, Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыруды, облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды күшейтіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Жолдауда жүктелген міндеттердің орындалуы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында болады.
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
---«Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизим» атты Қазақстан халқына Жолдауында негізгі 9 бағытты айқындап берді десек, ондағы міндеттерді жүзеге асыруға бәріміз жұмыла атсалысуға тиіспіз. Президент айқындап берген бағыттар әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етеді. Мемлекет басшысы балаларды құмар ойынға тартқандарға және кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жазаның күшейтілгенін ескертті. Сондықтан білім басқармасы, аудан, қала әкімдері және полиция департаментімен бірлесе отырып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты шаралар қабылдау қажет».