Қуыршақ театрында жаңа маусым. Бүлдіршіндердің сүйікті мекеніне айналған өнер ордасына – 42 жыл. Айтулы күнді ұжым толғай табыстармен қарсы алып отыр. Жетістігі мол мәдени мекен маусымашарда Вельгам Гауфтың «»Мұрынды ергежейлі» ертегісін сахналады.


Жас көрерменнің көз қуанышына айналған Қуыршақ театры кезекті маусымның ашылуын ерекше форматта өткізді. Саф ауада бүлдіршіндерді ертегі кейіпкерлері қарсы алып, би билетті.


ҰЛЖАЛҒАС ТӘШІБЕКҚЫЗЫ, ӘРТІС
---Әр жыл біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені әр жылы біз үйдегі балаларымыз сияқты ең кішкентай бүлдіршіндерді күтіп отырамыз. Олар бізден үлкен шығармашылық күтеді, біз де олар үшін барымызды салып, міне жаңа маусымға келіп отырмыз.


Театр ашылған күннен бері 500-ден аса қуыршақ жасалған. Репертуарында 172  қойылымы бар ұжым өткен маусымда 8 туындыны сахналаған. Ел ішіндегі бәсекелерде топ жарып, халықаралық додаларға да қатысты.


ҚАЙРАТ ҚАРҒАБАЕВ, ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
---Өзбекстан, Қырғызстан Тәжікстанда гастролдік сапарда болдық. Сондай-ақ, қалалық Түркістанға шашу фестиваліне қатыстық. Театр көктемі фестиваліне қатыстық. Өткен жылғы маусымды да өз дәрежесінде қорытындылаған жайымыз бар.


Театр – тәрбие ошағы. Ертегіден тәлім алып, әр кейіпкерден ерекше әсер алатын бүлдіршіндер үшін Қуыршақ театрының орны бөлек. Сондықтан ұжым әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық концерттер ұйымдастыруды қолға алып отыр.