ҚР президенті әкімшілігінің пәрменімен Түркістан қаласының әкімі лауазымына – Әзімбек Пазылбекұлы тағайындалды. Жаңа әкімді облыс әкімі Дархан Сатыбалды таныстырып, кандидатурасын қалалық маслихат депутаттары бір ауыздан қолдады.
Ал бұған дейін Түркістан қаласы әкімі қызметін атқарған Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Әзімбек Пазылбекұлы – 1991 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорғанда дүниеге келген. Білімі – жоғары. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Нәрікбаев атындағы қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген. Мемлекеттік және жергілікті басқару, экономика, құрылыс, құқықтану салаларының маманы.
ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Еңбек жолын 2013 жылы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі жетекші маманының міндетін атқарушы болып бастап, жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарған. 2015 жылы Қызылорда қаласының әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болса, одан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің Коммуналдық шаруашылық басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы болып еңбек еткен.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған.