Шымкенттік ауыл билері «Ауыл» партиясының өңірлік филиалында бас қосты. Мұндағы мақсат - билердің елдімекендегі жұмысын жүйелеу және азаматтарға заң тұрғысында қызмет етуді қамтамасыз ету. Партия мүшелері ауыл билеріне жергілікті өзін-өзі басқару заңын түсіндіріп, құқықтық сауатты болуға, сондай-ақ жиын барысында алда өтетін референдумда белсенділік танытуға үндеді.
Ауыл жұртының ауызбіршілігі, елдімекен тыныштығы және қоғам болып атқарылатын істер ауыл биінің тікелей басқаруымен жүзеге асады. Шымкентте сексеннен аса елдімекен бар. Яғни сонша ауыл биі бар деген сөз. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде ауыл биінің құқықтық сауатты болуы маңызды дейді партияның өңірлік филиалының төрағасы.
 ҚАНАТБЕК ДОСАЛИЕВ - «АУЫЛ» ХДПП ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
- Жергілікті жердегі өзін өзі басқару заңы бар. Сол заңға сүйеніп көп нәрсені жасауға болады. Бірақ біздің азаматтар сол заңды білмегендіктен белгенділік онша таныта алмайды.  Ол үшін заңды жақсы меңгеру керек, жақсы білу керек. Сол кезде бізде құқықтық мемлекет орнату мүмкіншілігі болады.
 Еліміз бойынша ауыл билерінің жұмысын жандандыратын Ауылбилері институты жұмыс жасайды. Бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі элементі болып танылған.
 МАРҚҰЛАН ЕРМАҒАНБЕТҰЛЫ - BASQARU ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
-  Ауыл билерінің институты мынау сол жерді, елдімекендегі проблеманы сыртқа шығармай өз ішінде шешіп қалуда жақсы тәжірбиелер бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, немесе жастар арасында кикілжіңдер,ұлтаралық мүмкін болуы мүмкін. Сол кезде бас-көз болып басу айтатын осы ақсақалдар. Менің ойымша заң аясында іске асырсақ жақсы болар еді.
 Ауыл билерімен басқосуда партия өкілдері алда келе жатқан референдум жайында да сөз етті. АЭС салу мәселесі жөнінде жергілікті халыққа түсіндіру жұмысын жанандыруды тапсырды.