Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс барысын бақылады. Шаһар басшысы аралау кезінде байқаған кемшіліктерді жою бойынша тиісті мамандарға тапсырма берді.
Мегополис әкімі «Нұршуақ» және «Жұлдыз» шағынаудандарында салынып жатқан заманауи мектептердің құрылысын тексерді. Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, оқу орындары пайдалануға беруге дайын. Үздіксіз білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталады. Мердігерлерге бірқатар ескертулер айтылды және оны қысқа мерзім ішінде жою бойынша тапсырма берілді.
Бұдан бөлек, әкім «Жаңаталап» тұрғын алабында салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-ы аяқталған. Жақын арада көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр.
Ғабит Әбдімажитұлы Тұран ауданындағы Қ.Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта білім беретін мектебіне барып, жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Шаһар басшысы өткен аптада бірінші қабатта ағымдағы жөндеу жүргізуді және кәріз жүйесін жаңартуды тапсырған еді. Ал, ғимараттың техникалық жағдайы туралы қате қорытынды берген «STROYCORP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданады.
Сондай-ақ, қала әкімі Абай саябағындағы скейт-паркті қарап шықты. Аудан әкімі мен энергетика басқармасына қосымша жарықтандыру бойынша нақты тапсырма берді.