Мегаполис қыс маусымына дайын ба? Жылу қазандықтарының бүгінгі жағдайы қандай? Өзекті мәселені  «AMANAT» партиясы өкілдері көтерді. Партиялық бақылау комиссия мүшелері қалаға жылу беретін «3-Энергоорталық» АҚ жұмысын саралады.
«3-Энергоорталық» АҚ  жылу маусымына 1 млрд 80 млн теңге бөлген. Бұл қаржыға №2 турбоагрегаты  күрделі жөндеуден өткен.  Сонымен қатар корпустардан  жылу оқшаулауын бөлшектеу, ақауларды жою, тозған қосалқы бөлшектерді тазалау және ауыстыру, тығыздағыштары бар роторларды құрастыру секілді ауқымда шаруалар атқарылған. Десек те мәселелер де жоқ емес. Энергоорталықтан 2,6 млрд теңгенің жылуын алып берешегін өтемей жатқан мекеме бар.
 Комиссия мүшелері Құрсай мөлтек ауданында орналасқан «110 МВт «Ақжар» қосалқы станциясының құрылыс жұмысымен де  танысты.  Сақалды құрылысқа айналған нысанда көптеген мәселелер орын алған. Құрылыс заттары тоналған, төсеген мыс сымдары жоғалған.
Станция  құны 7,6 млрд теңге. Жоба іске қосылған кезде 70 мыңнан аса абонентті  электрожарығымен  қамтамасыз етеді.  Оған қоса «Дала транс»  және «Кока кола» зауыттарын электр қуатымен қамтамасыз ететін болады.  Аманаттықтар нысанды аралады, бүгінгі жай-күйін саралады.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Партиялық бақылау комиссия мүшелері мегаполистің қысқа мезгіліне дайындық жұмыстарын саралады. Әзірге жауаптылар жылу маусымына 100 пайыз дайынбыз деп сендірді. Десек те «балапанды күзде санайды». Желтоқсанның желі, қаңтардың қытымыр аязында бүрсең қаққандар көбеймесе игі.