Қазақстанда тіркелген автокөлік саны 5 миллион 580 мыңға жуықтады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы тамызда 141 мың 500 бірлік автокөлік құралы есепке қойылды, былтыр осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 44 пайызға өскен.
2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 5 579 400 құрады, оның 88 пайызы - жеңіл автомобильдер, 10 пайызы - жүк көлігі және 2 пайызы - автобустар. Шығарылған жылдары бойынша 3 жылдан аспайтын автомобильдердің үлесі автопарктің - 6 пайыз, шығарылған жылы 3-тен 7 жылға дейінгі көлік үлесі - 13 пайыз, 7-ден 10 жылға дейін - 12 пайыз, Ал жалпы көліктің 23 пайызы - шығарылғанына 10 жылдан 20 жылға дейінгілер, ал 45 пайызы 20 жыл бұрын өндірілген автомобильдер. Өңірлер бөлінісінде шығарылған жылы бойынша 20 жылдан асқан автомобиль саны Алматы қаласы мен Алматы облысында ең көп. Ал шығарылған жылы 3 жылдан аспайтын көлік саны бойынша Алматы, Астана қалалары және Алматы облысы алда.