Қазығұрт ауданын дамыту үшін ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция көлемін ұлғайту көзделген. Жаңа технологияларды ендіре отырып өнімділікті арттыру да басты назарда. Жұмыссыздық деңгейін төмендету және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге басымдық берілмек.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі тарапынан даму жоспарын толықтыру туралы тапсырма беріліп, сала басшыларының ұсыныстары тыңдалды.
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазығұрт ауданында өнеркәсіпті арттырып, ауыл шаруашылығын дамыту маңызды. Жұмыстарды ширату керек. Біраз жобалардың жүзеге асу мерзімі созылып кетті. Табиғаты қолайлы аймақта қарқынды бауды дамытып, жүзім шаруашылығын қолға алу керек. Тұтас бір ауылды гүл егетін етіп дамытуға болады. Емдік туризм үшін қолайлы аймақ. Нақты нәтиже керек.
Қазір Қазығұртқа тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025-2030 жылдар аралығында құны 55 млрд теңге болатын 45 жобаны іске асырып, 1 364 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, тамақтану және сауда салаларында жүзеге асырылатын болады.
ӘЗИЗХАН ИСМАИЛОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін, 35 гектар жер аумағына «Қазығұрт» индустриалды аймағы құрылып, кәсіпкерлерге жағдай жасалуда. Алдағы жылдары 26,4 млрд. теңгеге 12 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы саласында сүт фермалары, мал сою цехы және мал бордақылау алаңдары салынады. Балық шаруашылығы, жылыжай жобаларын жүзеге асыру, өнім сақтау қоймасын салу көзделген. 60 гектар жер аумағына «Тұрбат агроиндустриалды аймағын құру жоспарлануда. Мұнда 3,8 млрд. теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адам жұмыспен қамтылады.