Түркістан облысы бойынша биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 41,4 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1061,3 шақырым жол жөндеуден өткен. Жыл қорытындысымен 560 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл жөнінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста айтылды.
Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Жыл қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 11 нысан толықтай пайдалануға берілсе, қалған 9 нысанда жұмыстар жалғасуда. Олардың сапасын анықтау мақсатында Ұлттық жол активтері сапасы орталығы 642 сынама алынып, 96 сынама сәйкес келмеген. Кемшіліктерге жол берген мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 120-ға жуық ескерту хаттар беріліп, 7,3 млн. теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ сапасыз салынған 8100 м2 асфальт жабыны қайта төселген.
Биыл аудандық маңызы бар жолдарға – 2,6 млрд. теңге бөлініп, 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өткен. Бұл ретте елді мекен көшелері бойынша197 жоба н/е 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 98 елді мекенде жалпы 131 нысан немесе 482,5 шақырым көше жөндеуден өткізіліп жатыр. Жыл қорытындысымен 104 нысан яғни, 365 көше пайдалануға берілді. Көрсеткіш 70%-дан 74%-ға артпақ.