Бүгін OŃTÚSTIK телеарнасына 34 жыл толды. 1990 жылдың 5-ші қарашасынан бастап, тікелей эфирде хабар таратқан телеарна бастапқыда «Оңтүстік Қазақстан теледидары» болса, кейін Шымкент теледидары, яғни, ШТД деген атаумен көрермен жадында берік сақталды. 1991 жылы жылжымалы телестудияға тәуелсіз бейнекамералар мен бейнемагнитофондар, монтаждау жабдықтары сатып алынды. Тоқырау жылдары тұрмыстың төмендігіне қарамастан ілгері жылжыған телеарна бүгінде заман талабына сай жабдықталған.
Тарихы терең қара шаңырақтағы алғашқы бағдарламаны Қазақстанның Құрметті журналисі, «Оңтүстік» телеарнасының негізін қалаушылардың бірі Байдулла Қонысбек «Шымкенттен сөйлеп тұрмыз...» деген атаумен бастайды. Қазақ, орыс тілдерінде хабар таратады. Осылайша ұжым 12 сағат эфирге шығуға қол жеткізеді.
34 жыл ішінде арнаның жеткен жетістігі аз емес. Қатарынан 3 жыл өңірдегі «Үздік телеарна» атанды. Масс-медиа өкілдерінің арасындағы спорттық сайыстарда топ жарып, жүлделі орыннан көрініп жүр. Оған қоса арна жас мамандарды әзірлейтін медиа-мектепке айналған. Бұл ұстахана еліміздегі Республикалық арналарда қызмет етіп жүрген қаламы қарымды журналистермен қоса, ірі лауазымды тұлғаларды да түлеткен.
Өткенге үңілсек, осы. Ал бүгінгі тыныс - ақпараттар ағыны, тілшілердің тіршілігі, қызу жұмыс, қарбаласқа толы сәттер. Кадр сыртындағы ерен еңбек.
Ширек ғасырдан астам тарихы бар, телеарнаны бүгінде Түркістан облысы түгелдей, «Отау ТВ» желісі арқылы бүкіл Республика тамашалай алады. Ал, телеарнадағы 80-ге жуық маман көрерменнің көңілінен шығып, тартымды хабар тарату үшін талмай тер төгіп жүр. Ол үшін теларанада 15 сағат көлемінде жаңалықтар қызметі 4 рет тікелей эфирге шығады.