Мүлік салығын төлемеген тұрғындар көп. Шымкенттің бір ғана Еңбекші ауданында 9 мыңнан аса азамат салықтан жалтарып жүр. Енді олардың ісі жеке сот орындаушыларына өтеді. Себебі салық төлеуге берілген соңғы мерзімнің аяқталғанына да бір айдан асты.  
КҮНТУ АРЫНБЕК, ТІЛШІ
Бұл Еңбекші ауданына қарасты Еламан шағын ауданы. Қаланың шеткері аумағында орналасқан бұл шағын аудан күйбең тіршіліктен ада. Мұнда зәулім ғимараттар, қымбат үйлер көп орналасқан. Бірақ арасында мүлік салығын төлемей жүргендер де бар екен. Жалпы Еңбекші ауданы бойынша 9 мыңнан аса жеке тұлға мүлік салығы бойынша 2023 жылға берешегін өтемеген.
Қарызы бар тұрғын үйлердің бірі Көкжелек көшесіндегі мына үй. Екі қабатты баспананың иесі салықтық берешегін былтырдан бері төлемеген. Арнайы мамандармен бірге мемлекет алдында төлемнен жалтарып жүрген үйдің есігін қақтық.  
Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары мән-жайды түсіндірді. Мүлік салығын 1 қазаннан кешіктіргенін жеткізді. Үй иесі болса Шымкент мегополис статусын алғаннан кейін жылжымайтын мүлкіміздің де салығы көбейді, бұған дейінгі жылдары кешіктіру болған емес деп отыр.
Еңбекші ауданында мүлік салығын төлеуге міндетті 10 мыңнан аса азамат бар. Олар салық төлеуде сауатты әрі жауапты болғанда қазынаға қосымша 103 миллион теңге қаржы түсер еді.  Алайда әлі төленбеген 62 миллион теңгенің берешігі бар.   
 НҰРҒАЛИ СЛАМБЕКОВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
10800 азаматтың мүлік салығы бойынша берешегі бар. Оның ішінде 8 439 салық төлеушінің қарызы бұрынғы жылдан бері келе жатқан қарыз. Оның сомасы 26 миллион теңге. 62 милиион теңгенің 26 миллионы бұрынғы жылдардың салығы. Олардың ісі сот орындаушыларға өткен, өсімпұл қосылған.
 КҮНТУ АРЫНБЕК, ТІЛШІ
Мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі 1 қазан еді. Алайда бір ай өтсе де азаматтық парызын орындауға асықпайтын тұрғын үй иелері бар. Енді олардың ісі жеке сот орындаушылары өтеді. Ол кезде мүлік салығы сомасына қосымша өсімпұл мен жеке сот орындаушының жұмыс ақысы қосылады.