Шымкентте үлкендерсіз көше кезіп жүрген 5000-ға жуық бала анықталған. Олар арнайы рейд кезінде құқық қорғау орган өкілдерінің назарына ілігіп отыр. Осылайша, 5000-нан аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтық сауатсыздық пен заң бұзушылық әлі де тыйылмай тұр. Ал мамандар жайттың салдарымен күресуді емес, алдын алуды да көздейді.
Ұлжан Құрманбай – М. Әуезов атындағы ОҚУ 1-курс студенті. Қалаға енді келіп, жаңа ортаға тап болған соң өз құқығың мен міндетіңді білу аса маңызды дейді. Мұндай жиындарды жібермеуге тырысып жүр.
ҰЛЖАН ҚҰРМАНБАЙ – СТУДЕНТ
Енді жасөспірім бала жаңа ортаға келгеннен кейін, ата-анамыздан бөлінген соң көп нәрсе болуы мүмкін. Орта маңызды, адамды тәрбиелейтін ортасы деп айтады ғой. Жақсы, жаман адамдар бар. Жамандардан бойды аулақ салу керек. Өзгенің құқығын бұзбау керек.
Студенттердің құқықтық сауатын арттыру – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Жастар ресурстық орталығының мамандары мұндай кездесуді ұдайы өткізеді. Нашақорлықтан емделіп жатқан жастар саны былтырғымен салыстырғанда 8 адамға артыпты.
АРУЖАН ӘЛЖАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бізде көбінесе жастардың құқықбұзуының себебі – құқықтық сауаттың жоқтығы. Егер ауыр жаза алса, бүкіл өміріне балта шабылады деген сөз ғой. Сондықтан жастарға ескерте кетуімізді өзіміздің міндетіміз деп санаймыз.
Қалалық прокурорының өкімімен 71 мобильді топ құрылған. Солардың жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері 500-ге жуық рейд өткізіліп, 5000 бала түнгі уақытта көше кезіп жүрген жерінен ұсталды. Оның ішінде 588 бала бейімдеу орталығына жеткізілді.
ҚАЙСАР ҚАЛДЫБАЕВ, ПРОКУРОРДЫҢ АҒА-КӨМЕКШІСІ
Олардың барлығы ата-аналарына беріліп, қауіпсіз жерлерге жеткізіліп, бірқатары Тараз қаласындағы арнайы мектептерге жолданған, қамқоршылық тағайындалды. Сондай жағдайлар бар енді. Қазіргі таңда енді бізде есірткі қылмыстарының өсуі қатты алаңдатып отыр.
Кездесуге арнайы мамандармен қоса, жастар үлгі тұтатын тұлғалар да шақырылып, өмірлік тәжірибелерімен бөліседі. Жастар ресурстық орталығы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, 1 аптада 8 мыңға жуық студентті қамтымақ.