Шымкентке кейіннен қосылған Сайрам тұрғын алабында мыңға жуық үйдің құжаты жоқ. Бұл туралы AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы кезекті қоғамдық қабылдауында айтылды. Жиынның ерекшелігі, бұл жолы партия мамандары мен жауаптылар тұрғындардың алдына өздері барды. Сайрам тұрғын алабындағы мобильді  қабылдауға қатысқан азаматтар өздерінің түйіткілді мәселелері мен арыз-шағымдарын жеткізді.
Қоғамдық қабылдау қаладан шеткері жатқан Сайрам тұрғын алабында ұйымдастырылды. Шымкентке қосылғаны 10 жыл болған елді-мекенде инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті. Ауыз су ахуалы мен жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Тұрғындардың осындай проблемаларымен танысу үшін орталық аппараттан да маман келген.
Сайрамдықтардың бүгіндегі басты мәселесі тұрғын үйлерінің құжаты болмауы. Қоғамдық қабылдауда бұл тақырып та қозғалды. Осы аумақтан сайланған халық қалаулысы құжаты жоқ мыңнан астам үйдің мәселесі оң шешілуі үшін депутаттық сауал жолдайтынын айтты. Сондай-ақ тұрғындарға сүйінші ақпаратын да жеткізді.
 Шымкентке жалпы кейінгі жылдары 42 ауылды елді-мекен қосылған. Бұл аумақтарда инфрақұрылым мәселесі қала жоспарына сай кезең-кезеңмен шешіліп жатыр.
 Қабылдауға 20-дан астам азамат келіп, олардың басым бөлігі инфрақұрылымнан бөлек әлеуметтік саладағы мәселелерді де көтерді. Сала мамандары тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берді, ал саяси ұйым өкілдері заңды шешілуі үшін жұмыс істейтіндерін жеткізді.
Тұрғындар осындай қабылдаулардың өте қажет екенін айтып, іс-шараның ұйымдастырылуына қолдау білдірген партияға алғыстарын жеткізді.
 Мұндай форматтағы қабылдау тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта да мегополистің өзге де шеткі тұрғын-алаптарында жалғасын табады.