Шымкентте алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні бойынша қалалық оқу-әдістемелік семинары өтті. Іс-шара Тұран, Абай және Әл-Фараби аудандарын қамтып отыр. Негізгі мақсат – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыру.
Семинар барысында қатысушыларға патриоттық тәрбиенің заманауи әдістері мен оны мектептерде тиімді жүзеге асыру жолдары таныстырылды. Сонымен қатар алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары мен әдіскерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, сабақ беру әдістемелерін талқылады.
МАҒЖАН ОРЫНБАЙ, №57 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ӘСКЕРИ ЖЕТЕКШІСІ
«Семинар мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу. ҚР ұзақ мерзімді перспективалы мемлекеттік жастар саясатының мақсаттарының бірі. Президентіміз Қ. Ж. Тоқаев еліміздің әрбір азаматы жұртшылық алдында ұлттық мүдде қағидатын басшылыққа алу керек деген болатын»
Шараға қалалық білім басқармасының өкілдері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдері, әдіскерлер мен оқушылар қатысты. Семинар барысында мектеп оқушылары патриоттық әндер шырқап, ұлттық рухты көтеретін көріністер қойып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытты.
ЕРБОЛАТ НҰРМЫРЗАЕВ, №57 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 1
«Мектебімізде семинар өтіп жатыр. Тақырыбы – Біртұтас тәрбие. Мақсаты – оқушыларға патриоттық тәлім-тәрбие беру. Оқушыларға ТЖ кезінде өмір қауіпсіздігі тақырыбында өткізіліп жатыр»
Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, ел мен жерге деген құрметті арттыруда маңызды рөл атқарады. Семинар қорытындысында қатысушылар патриоттық тәрбиенің болашақ жастардың дамуына тигізетін оң әсерін талқылап, өзара пікір алмасты. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.