Қазақстан  ажырасу  көрсеткіші  бойынша рейтингте 105 елдің ішінде 2-орында. 2024 жылдың басында  еліміздегі 1000 отбасының бесеуінде неке бұзылған.  Өзекті мәселе театр сахнасында көрініс тапты. Ақын, "Барыс" және «Парасат» ордендерінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызының «Сендегі мені өшірме» поэтикалық толғауының  премьерасы өтті.

 Премьера алдында баспасөз - конференциясы ұйымдастырылды.  Онда спектакльдің көркемдік жетекшілері  қойылым туралы ақпарат берді. Кездесуге Ханбибі Есенқарақызы арнайы келіп өз ойын ортаға салды. Толғаудың тарихына тоқталып, ажырасу мәселесін сөз етті.  Туынды сахна арқылы көптің көңіліне ой салса, еңбектің еш кетпегендігін айтты.  
ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, АҚЫН, «БАРЫС» ЖӘНЕ «ПАРАСАТ» ОРДЕНДЕРІНІҢ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛАШ» ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ
- Қазіргі қоғамдағы ең қорқынышты дерт ажырасушылық ғой. Жас семьялар тіпті жасамыз жұптар да ажырасып жатыр.  Бірақ сол кезде ажырасудың 16 себебін өзім тапқам. Күні бүгінге шейін актуалдығын жоғалтпаған тақырып екен.

Бұл қойылымда жастар арасында ажырасудың көбеюі мен қоғамдағы түрлі өзгерістердің әсері туралы ой қозғалады. Қойылымда қазіргі жас отбасылардың алдында тұрған қиындықтар мен күресі, махаббат пен сатқындық, сезім мен сенім  поэзия мен музыка тілінде сөйлейді. Қойылым  жарастығы жоғалған жас отбасыны толғандырған сұрақтарға жауап іздеп, жас отаудың  күйін қашырған оқиғалар шеңберінде өрбіп отырды. Сонымен қатар Ханбибі Есенқарақызының шығармаларынан үзінділер оқылды.  Көрермендер ақынның рухани әлемімен танысып, оның шығармашылығын тереңірек ұғынды.
ГҮЛЖАУҺАР  БАЖАҚАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
-  Актерлардың шеберлігі арқылы актуалды тақырыпты қозғап отыр. Қазіргі жастардың көбі күйбең тіршілікпен өзін ұмытып кетеді. Сезімдерін жоғалтады. Соның барлығын таша көрсете білген.
«Сендегі мені өшірме» поэтикалық толғауының  премьерасы көптің көңілінен шықты. Өнерпаздар  еліміздегі өзекті мәселені қойылым арқылы көрерменге жеткізе білді. Спектакльдің қоюшы режиссері  Мөлдір Айдарқызы, көркемдік жетекшісі  Қуандық Қасымов, қоюшы суретшісі  Жомарт Дүйсебеков.