Ханбибі Есенқарақызының ақындық қырынан бөлек қазақ ғылымына қосқан үлесі мол. Ұлттың жоғалғанын түгелдеп, барын баршаға баяндай білді. Бұл туралы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткен ғылыми-теориялық конференцияда айтылды.
«Ұлт аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы». Ақын, жазушы Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференция осылай аталды. Жиында қала әкімінің орынбасары мен белгілі ғалымдар мерейтой иесінің ақындық қырынан бөлек ел дамуындағы ерен еңбегі өлшеусіз екенін айтты.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
1920-1922 жылдары сегіз номері ғана шығып, кейін жабылып қалған «Шолпан» әдеби-саяси журналын Өзбекстандағы мұрағаттан алып, оны араб төте жазуынан кириллицаға аудартқан, сол форматпен кітап етіп шығарған Ханбибі Есенқарақызының еңбегі өлшеусіз.
Ханбибі Есенқарақызы «Ақ жол» газетінің 5-6 нөмірін Өзбекстаннан табады. Басылымның 1920-26 жылдары аралығында шыққан 613 нөмірін іздеп, Өзбекстан, Мәскеу, Орынбор, Санк-Петербург пен Алматының бүкіл архиві мен кітап палатасын, мемлекеттік мұражай, орталық кітапхана мен тіл академиясының архивтерін ақтарады. Бәрін жиып-теріп, «Ақжолды» баспадан 25 том етіп кітап шығарады. Бұл еңбектің барлығы ұлттың рухани қазынасына қосылған мол байлық дейді, - ғалымдар.
Ғылыми жиында мерейтой иесінің саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау ісінде де аянбай еңбек еткені айтылды. Ғалымдар мен ақындар баяндамалар оқып, өлең жолдарын арнады.
Тағылымды басқосуда Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызының «Көктеммен қоштаспаған жаз» кітабының тұсауы да кесілді. Ақынға Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогоикалық университетінің құрметті профессоры атағы берілді.
Конференцияға барлығы 50 шақты ғылыми зерттеу еңбек келіп түсті. Оның ішінде Қазақстанның бірнеше өңірі мен Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Ресей ғалымдары да бар. Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып басылып шығады.