Құрсайлықтардың өтініші жерде қалмады. Жоғарыдан ағатын жаңбыр мен қар суынан әбден зәрезап болған тұрғындар біраздан бері арық салу мәселесін көтеріп келеді. Олардың өтінішін қараған әкімдіктегілер шалғайдағы шағын ауданның 12-і көшесіне ирригациялық жүйе жүргізуді бастады.
Құрсай шағын ауданы бойынша жобада су басу қаупі жоғары 12 көше көрсетілген. Олардың жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асады. Алдымен жоғары жақтан басталған құрылыс, біртіңдеп төменгі көшелерде жалғасуда.
ӘЛІБЕК ӘБДІМҰРАТОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Құдайдың жазында да бізді су алып кетті. Әсіресе, мына көршілерім сайдан аққан судан көп зардап шекті. Фундаменттері көрінбей қалды. Халық қиналатын тұғын. Биыл әйтеуір, жәй-жәй дұрысталып келе жатырмыз. Асфальтіміз түсіп, лотогіміз түсіп жатыр. Жәй-жәй дамып жатырмыз».
Тұран ауданы бойынша 32 көшеге ирригациялық арық салу жоспарланған. Бүгінде жұмыстың 80 пайызға жуығы аяқталыпты. Қалғаны жыл соңына дейін бітеді.
ДӘУРЕН БОЛҒАНОВ – ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Қазіргі таңда осы мәселелерді шешетін болсақ, Тұран ауданындағы су алатын қауіпті аумақтардың көпшілігі шешілген болып саналады. Енді, кішігірім көшелерде жаңадан асфальт түскен жағдайда, көшелерден сырғып келіп үйлеріне су кірген тұрғындардан осындай мәселелер айтылып жатыр. Біз оларды зерделеу барысындамыз. Оларды келесі жылдың бюджетіне қойып, жоспарлап жатырмыз».
Жалпы қала бойынша 129 көшеге ирригациялық жүйе орнатылмақ. Әзірге 95-інде жұмыстар аяқталған. Олардың ішінде: Қаратау ауданы бойынша 19, Абай ауданында 32, Еңбекші ауданы бойынша 15, Әл-Фараби ауданында 20, Тұранда 32 көшеге арықтар салынатын болады.