Мектептерде жаңа жылдық мерекеге ақша жинауға тыйым салынады. Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкімет отырысынан кейінгі баспасөз жиынында осылай деді. Бүгін үкіметте ауыл мектептеріне қатысты негізгі проблемалар да қаралды. Олардың материалдық-техникалық қамтылуы, білім сапасы қалалермен теңесуі керек.
Ауыл мектебі - сапа алаңы. Қазір елімізде осындай жоба бар. Ол шалғайдағы білім ошақтарының әлеуетін арттыруға бағытталған.
Өйткені, елімізде 8 мыңға жуық мектеп жұмыс істеп тұрса соңың 67 пайызы ауылдарда. Олардың тең жартысы шағын жинақты мектеп қатарына жатады. Республика бойынша оқушылардың 40 пайызы ауылдық елдімекендерде тұрады.
Тағы бір маңызды дерек. Үш аусымда оқытып жатқан мектептердің 57 пайызы, ал апатты жағдайдағы мектептердің 76 пайызы ауылдарда. Осыны ескере келе шалғай жерлерде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Оның 42-сі биыл пайдалануға беріледі. Соңғы үш жылда ауылдарда 2,5 мыңға жуық мектеп жаңғыртылды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Қазіргі таңда ауыл мектептері тек білім ордасы ғана емес ондағы жергілікті халық үшін мәдениет ошағына, рухани орталыққа айналған. Сондықтан мектептердің жағдайы ауылдың әл ауқаты мен халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.
Ауыл мектептерінің дені шағын жинақты екенін айттық. Ол жерлердегі білім сапасы мен техникалық қамтылуын арттыру үшін «тірек мектеп» деп аталатын жоба да іске қосылған. Бастама Ақтөбе облысында қолға алынып, жақсы нәтиже көрсеткен. білім сапасы орта есеппен 7 пайызға артып, сапалы интернетке қол жеткізу мәселелері шешілген. Сондықтан оның ауқымы кеңейтілмек.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ
2025 жылдың қаңтарынан бастап жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады. Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы толығымен қамтылуы тиіс.
Шекара маңындағы мектептерге қатысты да мәселе бар. Шалғайдағы 100 ге жуық оқу ошақтарына интернет желісін тарту мүмкін болмай тұр. Сымсыз байланысқа көрші елдің желілері бөгет жасайды. Ал, оптикалық жүйе тарту тым қымбат. Бұл мәселе шешімін таппаған. Дегенмен біз оқушылардың аздығына қарамастан бұл мектептерді барынша жаппауға тырысамыз. Өйткені бұл саяси маңызға ие деді министр.