Ақ халатымыз кірлемесе екен дейміз. Шымкенттегі Перинеталдық орталықтың бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызы осылай дейді. Антына адал абзал жан саналы ғұмырын адам жанына шипа табуға арнап келеді. Еңбегімен елге, кішіпейілдігімен көпке сыйлы маманның жұмысын арна тілшісі де көріп қайтты.
Гүлбану Сыздықова 35 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келеді. Ақ халатты абзал жан қызметтің түрлі сатысынан өтіп, бүгінде Шымкенттегі Перинаталдық орталықты басқарып отыр. Басшымен деп креслода отырмайды, күнделікті қызметін палата аралаумен бастайды. Ана мен баланың хал-жағдайын біліп, денсаулығын жақсартуға аянбай еңбек етіп келеді.
Перинаталдық орталық – мейірім мекені болуы керек. Дәл осы жерде кіршіксіз таза көңіл иесінің тіршілігі басталады, - дейді дәрігер. Сондықтан да Гүлбану Жұмағалиқызының ұстанымы – жан-жағына жылы сөз жаудыру, кәсіби адалдықты ту ету.
ГҮЛБАНУ СЫЗДЫҚОВА, ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Қазіргі таңда босану цифрасы 8 мыңға жақындады. Бұл сандар әлі өседі. Бар айтарым нәресте өлімі де, ана өлімі де төмендеді. Біз білім алдық, тәжірибемізді жетілдірдік. Осы жұмысымыздың барлығы да мемлекет пен халықтың арқасында деп ойлаймын. Акушерияда, осында жұмыс істеп жатқан барлығымыз ақ халатымыз кірлемес екен дейміз.
Аналардың аман қалып, дені сау баланың туылуы үшін дәрігерлерге күнделікті ізденіс, даму қажет. Кәсіби маман осы орайда ғылыми ізденісін де жалғастырып, әріптестеріне медицинаның озық тәжірибелерін үйретіп келеді.
АҚМАРАЛ МАХАШОВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ
Ол кісінің бойында білімділік, қарапайымдылық пен қатар іскерлік бар. Сол қасиеттерінің арқасында біздің перзентхана үлкен жетістіктерге жеттік деп ойлаймын. 2024 жылы Республика бойынша беделді перзентханалардың арасында алғашқы бестікке кірдік.
Күнінің 12-14 сағаты перзентханада өткізіп, ем-домның науқастарға қалай әсер етіп жатқанын, нәтижесін бақылайды. Арасында бірнеше операцияға да қатысады. Жас аналарға көмек көрсетіп олардың дұрыс босануына септігін тигізеді. Сондықтан да перзентхана ұжымы алғыс арқалап отыр.
ГҮЛСІМ ЕРМОЛДАҚЫЗЫ, ЖАС АНА
31 аптамда температурамен осы перзентханаға түстім. Бірінші Алла, екінші осы жердегі дәрігерлердің арқасында аман-есен баламды дүние әкелдім. Кесар тілігімен босандым. Бесінші нәрестем, алдыңғыларының барлығын осы жерде босандым. Өте жақсы қарайды, білікті мамандар. Өзім төрт рет кесарь тілігімен босанғанмын. Медбикелерге де рақмет! Жансақтау бөлімінде жаттық біраз уақыт. Өзім ризамын.
Алғыс арқалаған медицина мекемесінде жылына 8-10мыңға дейін ана босанады. Жалпы, өткен жылдармен салыстырғанда орталықта ана мен бала өлімі 3 есеге азайған. Бұған себеп, қызметкерлердің біліктілігі мен соңғы үлгідегі техникалардың көмегі дейді,- бас дәрігер. Гүлбану Сыздықованың да ерен еңбегі еленіп, 2016 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен, 2020 жылы «Өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталған.