Президент тапсырмасын негізге алған өңір басшылығы елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Осы ретте Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылында № 41 өрт сөндіру депосы ашылып, жаңа ғимарат пайдалануға берілді.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, депо жұмысына сәттілік тіледі. Минстр, заманауи үлгіде жабдықталған жаңа ғимараттардың тек қалалық жерде ғана емес, ауыл-аймақтарда да бой көтеруі маңызды фактор екенін атап өтті.
Жаңа өрт сөндіру депосы Turan арнайы экономикалық аймағында бой көтерді. Аталған өрт сөндіру бекеті енді өзіне жақын орналасқан елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жергілікті бюджет есебінен салынған депо төрт өрт сөндіру көлігімен қамтылған. Екі қабатты өрт сөндіру депосында өрт сөндірушілер үшін барлық жағдай жасалған. Оқу сыныбы, демалыс, жатын, ас бөлмесі, спорт және конференция залы, техникалық үй-жайлар, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы да қарастырылған.
Жаңа өрт сөндіру депосында 50 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Жауаптылардың айтуынша, жаңа депо жергілікті өрт сөндірушілердің қызмет сапасын арттырады және қауіпсіздігін күшейтеді. Салтанатты шара әрі қарай жаңа депоның аумағына ағаш отырғызу рәсіміне ұласты.