Өнер жұлдыздары сахнаны боз кілемге айырбастап, өзара бақ сынасты. Жыл сайынғы дәстүрге айналған «Өнер барысы» биыл 7-ші рет ұйымдастырылып, кезекті дода Шымкентте өтті. Турнирге иісі қазаққа танымал актер, әнші, әзілкештер қатысып кім мықтыны анықтады. Тілші тарқатады.

Сайыстың көздегені өнер жұлдыздарын ерек қырынан ашып, қазақ күресін брендке айналдыру. Осы жолда талмай ізденіп, жүйелі жұмыс жүргізген Мейіржан Әлібеков «Өнер барысының» жылдан жылға жетіліп, көптің қызығушылығын оятып келе жатқанын айтады.

МЕЙІРЖАН ӘЛІБЕКОВ, ЖОБА АВТОРЫ
– «Бүгін 11 күресті тамашалайссыздар. Жеңіл салмақта 1-2-3 орындар беріледі.»

 Турнирге 14 балуан қатысып, түрлі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз белбеуіне талас жүргізді. Соның бірі ережесіз жекпе-жек шебері, «Найман» лақапатымен танымал – Қуат Хамитов. Жобаға өткен жылы да қатысып, жеңімпаз атанған ол биыл да қарсылас шақ келтірмеді. Артық сында әзілкеш Қуатжан Базарбаевтан басым түсіп, екі түркін «Өнер барысы» атанды.

ҚУАТ ХАМИТОВ, ЖОБА ЖЕҢІМПАЗЫ
– «Күресіп жүрмін. Бірақ мына кимономен күресу тіптен қиын. Бірақ, сол қиындықтың өзі қызық болып жатыр.»

 Турнирге екінші рет келіп, бақ сынаған жалғыз Қуат Хамитов емес, бұл қатарда белгілі жайдарманшы Мансар Орынхан да бар. Өткен жылы актер Тәуекел Мүслімге есе жберген әзілкеш, жеңілген күреске тоймайды дейді. Сондықтан ол биыл тас-түйін дайындалып, жаттығуларын күшейткен. Өкінішке қарай, Шымкенттік жайдарманшы биыл да Тәуекел тауын бағындыра алмады.

МАНСАР ОРЫНХАН, ҚАТЫСУШЫ
 – «Өнер барысында бастысы жеңу емес. Егер жеңімпаз атануды қалсам Тәуекелден төмен салмақты таңдаушы едім. Өйткені Тәуекел Мүслімнің бойы да салмағы да менен ауыр.»

 Сайыс қорытындысына сәйкес түрлі салмақ санатында күш сынасқан Дәулет Өсербай, Тәуекел Мүслім, Әзімбек Байлин, Қуат Хамитов сынды өнер жұлдыздары жеңімпаз атанып, барыс атағын иеленді.