Шымкентте бір мектепте 13 жұп егіздер оқиды. Олар мегаполистің демографиялық өсімінің айқын көрінісі іcпеттес. №138 жалпы орта білім беру ошағында тәлім алатын оқушылар әр түрлі сыныпта оқып жүр. Мектеп ұжымы жаңа жыл кешінде егіздерге ерекше құрмет көрсетіп, мерекелік тарту жасады.
№138 мектеп Асар-2 мөлтекауданында орналасқан. Елді мекенде көпбалалы отбасылар көп. Мектеп директорының арнайы сыйлығын алған балалар да сол әлеуметтік отбасылардың мүшесі. Жаңа жыл кешін ерекше қарсы алған балғындардың қуанышы ерекше.
Білім ошағында 2000-дай бала сапалы білммен қамтылып отыр. Үш жыл бұрын 600-ге жетер-жетпес оқушымен басталған жұмыс бүгін нәтижесіз емес. Өткен оқу жылында 180 бала мектеп табалдырығын аттаған болса, биыл 200-ден аса балғын бірінші сыныпқа қабылданған.
Жаймашуақ күнімен, меймандос халқымен ерекешеленген Шымкент қашанда оқ бойы озық қалалардың қатарында. Миллионды шаһарда жыл басынан бері 26574 сәби дүниеге келген. Оның 12950-і қыз. 13624-і ұл балалар. Сондай-ақ 293 егіз, 6 үшем дүние есігін ашқан.