Бюджетті тиімді әрі уақытылы игеріп, жобаларды тиімді жүзеге асыру керек. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік сатып алу саласында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер жайын арнайы жиында қозғады. Бірқатар тапсырма жүктеп, жауаптылардың жұмысын сынға алды.

Жобаларды уақтылы жүзеге асыру керек. Басқарма аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларымен тығыз байланыста жұмыс істесін. Жауапты басшылар мен мамандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, семинар өткізу ұсынылды. Мемлекеттік сатып алу процестері заң талабына сай әрі жүйелі атқарылуы керек – деді әкім.

 Тиісті басқармаға 2024 жылдың басынан тапсырыс берушілерден жалпы сомасы 216,3 млрд теңгеге 1 346 өтінім келіп түскен. Оның ішінде жұмыстарға – 97,8 млрд теңгеге 338 өтінім түссе, қызметтер бойынша 27,2 млрд теңгеге 598 өтінім қабылданған. Тауарлар бойынша 91,3 млрд теңге 410 өтінім түскен. Бүгінгі таңда 216,3 млрд теңгеге 1345 өтінімнің жұмысы аяқталған. Былтыр өтінімдер 2023 жылмен салыстырғанда 80%-ға немесе 90,7 млрд теңгеге ұлғайған.

Жиында мемлекеттік сатып алу саласындағы кемшіліктер де айтылып, тиісті сын-ескертпелер берілді. Облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде тапсырма беріп, нақты міндеттер жүктеді. Қаржының уақтылы игерілуі, ел мүддесіне жұмсалуы, жобалардың жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болады.