Түркістанда жаңа рейстер ашылып, әуежай әлеуеті көтерілуі керек. Осы мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Ол үшін жауаптыларға тапсырма беріліп, инвесторлар тарту жайы көзделіп отыр.
Түркістанның халықаралық әуежайын дамыту жолдарын толық зерделеп, тиісті жұмыс жүргізу керек – деді облыс әкімі. Инвесторларды да жан-жақты зерттеп, тиімді әріптестік орнатқан жөн. Өңір басшысының айтуынша, облыстағы туризмді, көлік саласын, әуежайды дамытатын келісімдерге ғана қолдау көрсетіледі. Авиация саласын дамыту жолдары да өзекті. Қауіпсіздік мәселесі мен әуежайдың ұшақтарды қабылдау мүмкіндігі қазір шыңдалып жатыр.
Бүгінде бірнеше әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ішкі және халықаралық рейстердің санын көбейту көзделіп отыр. Ішкі туризмді дамыту мақсатында Қостанай мен Қарағанды жаққа жаңа рейстер іске қосылған болатын. Әуе сапарлары қаңтар айында басталып кетті.