Еден жуушының еңбегі өте зор әрі маңызды. Олар тазалықты сақтап қана қоймай, қоғамдық орындардың, мектептер мен ауруханалар және басқа да мекемелердің санитарлық жағдайын қамтамасыз етеді. Солардың бірі - 40 жылдан астам уақыт мектеп тазалығына жауапты болған маман Зәуре Әліппекова. Әріптесім жұмысын көріп, тілдесіп қайтқан еді. Сюжеттен көрейік.
Еден жуу Зәуре апай үшін тек жұмысы емес, өмірінің бір бөлігі. Білім ошағының ішін тазарту арқылы, адамдарға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға тырысатын ол жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Мұқияттылық оның мызғымас ұстанымына айналған. Ұзақ жылдар бойы бір орында жұмыс істеуінің сыры да сол.
Зәуре апайдың еңбегі мен ұқыптылығы көпке үлгі. Таңертеңнен кешке дейін бір тынбайтын тазалықшыға аракідік оқушылар да көмектесіп тұрады. Әр мейрам сайын көңілін көтеруге тырысатын олар біз барғанда да тосын сый жасап, жұмысына деген құрметтерін көрсетті.
Қай салада болмасын қажырлы еңбек лайықты бағаланса, жұмысшылардың жігері асқақтап, оларға деген құрметтің артары анық. Бұл ретте, ол қоғам дамуына да оң әсерін тигізеді. Өкінішке орай, еден жуушылардың еңбегі көзге көрінбейтіні жасырын емес. Биыл жақсы жаңалықтың шеті шығып, жұмысшы мамандықтарын қолдау жылы аясында айлықтары көбейетін болды.