Шымкенттік спортшы тарихи жеңіске жетті. Жерлесіміз алтын медальға Алматыда жасөспірімдер арасындағы фристайл-могул және фристайл-акробатикадан әлем чемпионатында қол жеткізді. 2025 жылғы 7-11 қаңтар аралығында Алматы қаласындағы әйгілі “Шымбұлақ” тау-шаңғы курортында фристайл-могул және фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Чемпионатқа 13 елден келген 110 спортшы қатысуда. Бұл елдердің қатарында Қазақстан, Германия, Канада, Қытай, Франция, Швейцария, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және басқа да мемлекеттер бар. Чемпионаттың үшінші күнінде Шымкент қаласының спортшысы Дінмұхаммед Райымқұл фристайл-акробатикадан алғашқы алтын жүлдені иеленіп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Дінмұхаммед жарыс барысында 104.52 ұпай жинап, өзге қатысушыларды басып озып, чемпион атанды. Дінмұхаммед Райымқұл 2006 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшесі. Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы; Жастар ойындары мен Спартакиада жеңімпазы; Әлем және Еуропа Кубоктарының жүлдегері. айтып өтейік, Жасөспірімдер арасындағы фристайлдан әлем чемпионаты 1986 жылдан бастап Халықаралық шаңғы федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Алматы қаласы бұған дейін 2021 жылы фристайлдан Әлем Кубогінің кезеңдерін табысты өткізген болатын.