Республикалық маңызы бар жолдардың күтіп-ұстауына, сапасына көңіл толмайды. Осылай деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Қазавтожол» мекемесінің Түркістан облысындағы өкілдеріне ескерту жасады. Сылбыр жұмыстарды сынға алған ол жолдағы ақауларды дер кезінде ретке келтіруді тапсырды.
Өңірдегі жолдардың жағдайы айтылған жиында сапа мәселесі қозғалды. Талапқа сай келмейтін нысандардың қабылданбайтынын қадап айтқан аймақ басшысы жол бойындағы сервистік мекемелердің санитарлық тазалығына да тоқталды. Оған көңілі толмайтынын жеткізген Нұралхан Көшеров қысқы маусымдағы жұмыстарды тиісті деңгейде атқаруды тапсырды.
Биыл Түркістан облысындағы жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 95%-ға жеткізу көзделген. Бұл ретте, 1 103 шақырым жол жоспарға енгізіліпті.
Жыл соңына дейін өңірде 547 шақырымды құрайтын 123 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осы орайда, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелері жаңарып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 140 елді мекенде 89 нысанды жөндеуден өтетін болады.