Шымкентте қалың қар. Ақ ұлпа түннен бері тоқтамай жауып тұр. Синоптиктердің мәліметінше, бүгін сағат 17:00-ге дейін жауын-шашынды ауа райы сақталуы мүмкін.
КҮНТУ АРЫНБЕК, ТІЛШІ
 «Қазгидромет» мамандары 22 қаңтарда ел аумағында болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасаған еді. Скандинавия аудандарынан шыққан циклон мен атмосфералық фронтальды бөлімдер Қазақстан аумағында қар, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарда жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашынның жаууына өз әсерін тигізді. Республика кей аймақтарында желдің күшеюі, бұрқасын, тұман мен көктайғақ болып жатыр. Шымкентте де түннен бері тоқтамай қар жауып жатыр. Дәл қазір ауа температурасы -1 градусты көрсетіп тұр, түнде сынап бағаны 12 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Коммуналдық қызметкерлер көшелерге инертті материалдарды сеуіп қойған. Енді жол үстіндегі еріген қардың қалыңдығы 4 сантиметрге жеткенде тазалау жұмысы басталады. Бұған 189 арнайы техника мен 2 мыңға жуық қызметкер тартылған. Мамандар тұрғындардан қар тазалау жұмысына кедергі болмас үшін жол жиегіне автокөліктерін қалдырмауды сұрайды.