Мегаполисте «Жұмысшы мамандықтар жылы» бірқатар мамандықтарға басымдық беріледі. Техникалық және кәсіби білімге дем беру мақсатында Үкімет жоспарының жеті бағытын түгел қамтитын арнайы өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз брифингінде хабарлады.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, әкімдік тарапынан «Жұмысшы мамандықтар жылын» ұйымдастыру шараларын басқару бойынша өңірлік штаб құрылды. Штаб құрамы мен ережесі бекітіліп, әкімдіктің тиісті салалық басқармалары жоспар бойынша жұмыстарын бастап кетіпті.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Кәсіпорындар мен әр колледждерге қаламыздың аумағында орналасқан кәсіпорындармен тығыз байланыста қарым-қатынас орнатуды тапсырдым. Мамандық иелері көбейеді, болашақта жұмысшы мамандықтар мәртебесі көтеріле түседі.
Өңірлік жоспарды жүзеге асыру үшін қаламыздағы білім беру ұйымдарының 150 мыңнан астам педагогтері, білім алушылар, жұмыс берушілер мен тұрғындар қамтылмақ. Мақсат - жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын кеңінен насихаттау. Жиында қаламыздағы техникалық мамандарды даярлайтын жоғары және орта арнаулы білім беретін мекеме басшылары өздерінің әлеуетін атап өтті.
РАБИҒА ҚУАТБЕКОВА, ӘБДІМҰСА ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
Біздің университетте техникалық мамандықтар бірінші болып ашқанбыз. Қазіргі таңда 3 этажды ғылыми техникалық зертхана бар.
2024 - 2025 оқу жылына республикалық бюджеттен 6 000, жергілікті бюджеттен 5 500 грант берілген. Бұлар 28 колледждегі 78 мамандыққа бөлініп, 100% қамтылды. 7 761 грант жұмысшы мамандықтарға 1 933 педагогикалық мамандықтарға берілген. Сондай-ақ 53 талапкер жұмыс берушілердің тапсырысымен оқуға қабылданып, бизнестің есебінен тегін білім алып жатыр. Ал осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы бакалавриат студенттеріне 20 пайыз, магистранттар мен докторанттар үшін 15 пайызға өспек.