Шымкентте және Түркістан облысының аумағында қалың қар. Ақ ұлпа таңнан бері тоқтаусыз жауып тұр. Синоптиктердің мәліметінше, бүгін түнде ауа райы минус 12-14 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Міне, дәл қазір Шымкентте сынап бағанасы нөлден 3 градусқа төмен. Таңнан бері толассыз жауған қар тобыққа жетіп, сары шұнақ аяз басталған. Ал түнде сынап бағаны тіпті минус 14 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Казгридромед осылай дейді. Жол үстіндегі еріген қардың қалыңдығы 4 сантиметрге жеткенде тазалау жұмысы басталады. Бұған 189 арнайы техника мен 2 мыңға жуық қызметкер тартылған. Мамандар тұрғындардан қар тазалау жұмысына кедергі болмас үшін жол жиегіне автокөліктерін қалдырмауды сұрайды.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Өңірдегі қардың да қарқыны қатты. Түркістан облысы аумағындағы таулы аумақтарда да боран басталды. Осы орайда азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, полиция қызметкерлері республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жұмылдырылды. 7 блокбекет қойылып, полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет атқаруда.  
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Түлкібас, Сайрам, Созақ, Бәйдібек аудандарынан кесіп өтетін маңызды республикалық және облыстық жолдар жабылып, сақшылар қарға көміліп қалған жеңіл көліктерге көмек көрсетуде. Сонымен қатар шетелдік жүк көліктерінің жүргізушілеріне ыстық шәй жеткізу мен түсіндіру жұмыстары да жалғасын табуда.