Арайлым Ермекбайдың жоғалғанына бүгін 7-ші күн. Соңғы рет Алаш базарының маңынан таксиге отырдым деген оқушы қыз одан кейін мүлдем байланысқа шықпаған. Арада апта өтсе де көрдім-білдім деген жан жоқ. Полицейлерден күдерін үзген анасы халықтан көмек сұрайды.
 Бір жетіден бері жанары құрғамаған Шынар Әжібекова бұрын-соңды қызының оғаш қылығын байқамағанын айтады. Сабағын оқып, қосымша курсқа қатысып жүрген Арайлым арасында Шұбарсудан Шымкентке келіп жұмыс істеген. Қаңтардың 21-і күні жұмыстан шыққан оқушы қыз 20:30-дар шамасында анасымен хабарласқан. Алаш базарының маңындағы кафелердің біріне ұялы телефонымды қуаттауға кірдім деген ол 1,5 сағаттан кейін де анасының қоңырауына жауап берген. Ол кезде аялдамадан таксиге отырғанын жеткізіпті. Одан кейін е хат жоқ, е хабар жоқ.
 Арайлым үйінің екінші перзенті. Атамекен жалпы орта мектебінде 11-сыныпта оқиды. Дәрігер болуды армандайды екен. Біреуге ашылып сырын да айта бермейтін - дейді анасы. 17 жастағы қыздарын 2 тәулік бойы өздері іздеп таппаған соң, Абай аудандық ПБ хабарласқан. Одан бері арада бақандай 5 күн өтіпті.
 БАҒЛАН ИСАТАЕВА, ШЫМКЕНТ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ
«Полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз жоғалған қыз туралы арыз бойынша іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Іздеу жұмыстарына Шымкент қаласы полиция департаментінің кешенді күштері мен құралдары жұмылдырылды, аудандық бөлімдердің жеке құрамы мен көрші өңірлердің полиция департаменттеріне бағдар жолданды».
Полициядан күдер үзген оқушы қыздың ет жақындары халықтан көмек сұрайды. Арайлым Ермекбайдың бойы шамамен 160 см, аққұба келген, шашы қоңыр-қара түсті, бетінде аздаған секпілі бар. Сол күні үстіне қара түсті спорттық киім мен жеңсіз күртесі болған. Ал, аяғында ақ түсті спорттық үлгідегі аяқ киім, қолына кішкене ғана сөмке ұстапты. Егер, Арайлым жайлы қандай да бір ақпарат білсеңіз экранда көрсетілген нөмірге хабарласуларыңызды сұранамыз.  
102
8 747 385 98 11